1992 жылғы 22 қазанда Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастар орнатылғанына дәл 34 жыл толды. Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің айтуынша, бұл оқиға Ресей мен Қазақстан арасындағы одақтастық байланыстар мен жан-жақты стратегиялық серіктестіктің дамуындағы қазіргі кезеңнің бастауы болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тарихи тамырлар мен мызғымас қағидаттар

«Достықтың тарихи тамыры терең. Берік дәстүрлеріне, сондай-ақ халықтарымыз арасындағы тұрақты жақындық пен бауырластыққа сүйене отырып, Ресей мен Қазақстан өз мемлекетаралық қарым-қатынастарын бір-бірінің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын өзара құрметтеудің мызғымас қағидаттарына негіздейді», — деп атап өтті елші.

Ол қорғаныс пен қауіпсіздік, сыртқы саясат, экономика, ғылым, білім, мәдениет және өнер сияқты барлық негізгі салаларда ынтымақтастықтың қарқынды түрде кеңейіп келе жатқанын айтты.

Еуразиялық интеграцияның өзегі

Сонымен қатар, Ресей, Қазақстан және басқа да достас мемлекеттердің бірлескен дипломатиялық күш-жігерінің арқасында Еуразиялық қауіпсіздік пен экономикалық интеграцияның өзегі қалыптасып жатыр. Бұл ретте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ оның іргетасы қызметін атқарады.

Бородавкин Мәскеу мен Астананың БҰҰ, ТМД, ШЫҰ, БРИКС және АӨСШК аясында табысты ынтымақтасып отырғанын атап өтті.

Мерейтой қорытындысы

«Дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына толатын кезекті мерейтой – мемлекетаралық деңгейде атқарылған ауқымды жұмыстарды саралап қана қоймай, Ресей мен Қазақстан халықтарының мүддесі жолында екіжақты байланыстардың барлық бағыттарын одан әрі кеңейту жоспарларын айқындауға да мүмкіндік береді», – деді елші.

Ол екі елдің сыртқы саяси ведомстволарына, дипломаттарға маңызды миссияны жүзеге асыруда табыс тіледі.