Қазақстан мен Ресейдің экологтары екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың XXII форумы алаңында Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау мәселесін талқылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, Ертіс өзенінің экожүйесін сақтауға арналған тақырыптық сессия аясында қатысушылар трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселелерін, сондай-ақ осы саладағы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.

Вице-министр Мансұр Ошурбаев Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау мәселелері бойынша тиімді өзара іс-қимыл жолға қойылғанын атап өтіп, Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын орнықты пайдалану салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.