Қазақстан мен Қытай ғалымдары шегірткеге қарсы экологиялық таза биопрепаратты сынақтан сәтті өткізді, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы жаңа буындағы биологиялық препараттың далалық сынақтары сәтті аяқталды. Зерттеу нәтижелері энтомопатогенді Metarhizium anisopliae саңырауқұлағы негізінде әзірленген экологиялық қауіпсіз препараттың жоғары тиімді екенін көрсетті.
Далалық сынақтар Түркістан облысы Қазығұрт ауданының жайылымдық алқаптарында өткізілді. Биологиялық агент ретінде Metarhizium anisopliae саңырауқұлағы негізіндегі препарат қолданылды. Бұл препарат химиялық инсектицидтердің тиімді әрі экологиялық қауіпсіз баламасы ретінде бағаланып отыр.
"Тиімділікті бағалау үшін өңделген шегірткелер арнайы далалық торларға 20 дарақтан орналастырылды. Сонымен қатар өңдеуден кейін бір тәулік өткен соң бақылау топтары құрылды. Бақылау кезеңі бойы мамандар зиянкестердің қырылу көрсеткіштерін күн сайын тіркеп отырды", - деп жазылған хабарламада.
Жәндіктердің зақымдануының алғашқы белгілері өңдеуден кейінгі үшінші тәулікте байқалды. Бесінші тәулікте қырылу деңгейі 70–80%-ға жетіп, тоғызыншы тәулікте тәжірибелік топтардағы барлық дарақтың толық қырылғаны тіркелді.
