Қазақстан мен Қытай арасында жаңа әуе рейстері ашылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік министрлігінің басшылығы "Urumqi Airlines" әуе компаниясының өкілдерімен кездесті. Қытай тарапы Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша жаңа тұрақты рейстер ашуға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде қазақстандық тарап Өскемен және Семей қалаларына, сондай-ақ алдағы уақытта Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
"Бұл бастама туризмді дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді", - делінген ресми хабарламада.
Urumqi Airlines Қытайда шығарылған COMAC C909 ұшақтарын пайдаланады. Осыған байланысты тараптар Қазақстанда COMAC әуе кемелерін қолдана отырып, өңірлік тасымалдарды жүзеге асыратын бірлескен өңірлік әуе компаниясын құру бойынша бірлескен жобаны да талқылады.
Бірлескен компания Зайсан, Катонқарағай және туристік әлеуеті жоғары басқа да қалаларға рейстер орындауға мүмкіндік береді.
