Құрылтай депутаттары Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден ісі бойынша өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Келісімге сәйкес, екі ел экспорттық және транзиттік декларациялар туралы ақпарат алмасады. Ол үшін екі мемлекеттің кеден органдарының электронды жүйелері біріктіріледі.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, қазіргі уақытта екі ел арасында мұндай электронды интеграция жоқ. «Келісім осы жүйені құруға мүмкіндік береді. Техникалық мәселелер мен ақпарат алмасу форматын екі елдің кірістер органдары анықтайды. Жүйе іске қосылғаннан кейін біз декларацияларды алдын ала көре аламыз», – деді Такиев Құрылтай отырысында.

Министрдің айтуынша, қазір ақпарат алмасу қағаз жүзінде жүргізіледі. Электронды жүйе іске қосылған соң Қазақстан тарапы Пәкістаннан қандай тауар жөнелтілгенін және жүктің көлемін алдын ала біле алады. «Біздің шекарамыздан өткен кезде мәліметтерді салыстырамыз. Осылайша, бақылау шараларына кететін уақыт та қысқарады. Жүкті тексеріп, құжаттардағы ақпаратпен салыстырғаннан кейін өткізе береміз», – деп түсіндірді министр.