Қазақстан мен Кувейт арасында тікелей рейстерді қалпына келтіру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Кувейттегі елшісі Ержан Елекеев пен "Jazeera Airways" әуе компаниясының бас атқарушы директоры Баратан Пасупати тікелей әуе қатынасын қайта қалпына келтіру перспективасын талқылады.

"Jazeera Airways" басшылығы Қазақстан бағытына деген қызығушылығы сақталғанын растады. Сондай-ақ өңірдегі жағдай тұрақтанып, рейстерді орындауға қолайлы жағдай қалыптасқан кезде екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіруге ниетті екенін білдірді", - деп жазылған хабарламада.

Тараптар Қазақстанның Кувейт азаматтары үшін туристік бағыт ретіндегі әлеуетін атап өтіп, еліміздің табиғи көрікті жерлері мен демалыс мүмкіндіктерінің тартымдылығына назар аударды.

"Jazeera Airways" – Таяу Шығыс, Азия, Еуропа және Африка елдеріне 50-ден астам бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайтын Кувейттің жеке әуе компаниясы. 2021 жылы әуе компаниясы Эль-Кувейт пен Алматы арасында тікелей рейстер ашқан. Алайда кейіннен өңірдегі жағдайға байланысты бұл рейстер тоқтатылды.