Қазақстан мен Корея бірлесіп бұқтырылған ет өндірісін жүргізеді, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Цех Қазақстанда салынады, жобаны қазақстандық тараптан Samsar Investment жүргізеді. Ал екі тараптан инвестиция құны 1,3 млн АҚШ долларын құрайды.

Бұл туралы Алматыдағы Қазақстан-Корея бизнес форумында келісім жасалды. Бизнес форумға Оңтүстік Кореяда 55 жыл бұрын негізі қаланған Корея импорттаушылар қауымдастығы (KOIMA) жүзге жуық бизнес делегациямен арнайы келген.

Сонымен қатар Қазақстан Оңтүстік Корея еліне құны 13 млн АҚШ доллары болатын 1 мың тонна сиыр етін экспорттайды. Бұған қоса қазақстандық Samsar Investment айына 3 мың тонна рафинадталған күнбағыс майын экспорттау туралы келісімге келді.

"Жалпы екі елдің 200-ден астам бизнес өкілі қатысқан бизнес форум қорытындысы бойынша жалпы құны 54,8 млн АҚШ долларын құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойылды", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік хабарлауынша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда айналымы жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға артқан.

Ал 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Қазақстан өнімдерінің Кореяға экспорты 17,2%-ға өскен.