Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жайын талқылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
«Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказдағы, Қара теңіз аймағындағы сенімді дос әрі маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Қазақстан үкіметі Грузия үкіметімен диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын», - деді Олжас Бектенов.
Ираклий Кобахидзе Қазақстан Грузия үшін негізгі серіктес болып саналатынын айтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы өзара сауда көлемі 184,5 млн долларға, ал осы жылдың қаңтар-сәуір айларында 53 млн долларға жеткен. Бүгінгі таңда қазақстандық нарықта грузин тарапының қатысуымен 600-ден астам компания жұмыс істейді, 14 ұйым «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген.
