Бүгін Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе елімізге ресми сапармен келді. Премьер-министрді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан президенті бұл сапар табысты болатынына сенім білдіріп, Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктесі ретінде қарастыратынын айтты. «Біз көптеген бағытта, соның ішінде экономикалық немесе гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнаттық. Мұндай ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасуға тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналасыздар. Еліңізбен достықты және ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстандықтар Сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құрметтейді», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев сонымен қатар бүгінде көптеген қазақстандық Грузияға саяхаттайтынын мәлімдеп, әлі де іске асырылмаған мүмкіндіктер көп екенін баса айтты.

Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Грузия Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін жеткізіп, серіктестіктің стратегиялық сипат алғанына қуанатынын айтты. «Алайда, өзіңіз айтқандай, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Елдеріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да көптеген салалардағы ықпалдастықты қолдаймыз. Барлық бағыттағы байланыстарды арттыруға айрықша ниеттіміз. Өйткені біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Аталған құжаттың екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Грузия премьер-министрі.