Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайке Ренате Пайчпен кездесті. Тараптар су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан-Германия су хабын құру мәселесі қаралды
Кездесу барысында, атап айтқанда, Қазақстан-Германия су хабын құру мәселесі қаралды. Хабарламада аталған платформа технологиялар алмасуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және пилоттық жобаларды дамытуға арналған.
Ұсыныс Берлиндегі дөңгелек үстелде таныстырылды
Су хабын құру туралы ұсыныс Берлиндегі "Қазақстан мен Германияның су саласындағы стратегиялық әріптестігі: жаңа деңгей" тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында таныстырылған болатын.
Хаб тұжырымдамасының жобасы әзірленді
Қазіргі уақытта министрлік хаб тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Құжат су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін German Water Partnership (GWP) неміс қауымдастығына келісу үшін жолданды.
Министр: практикалық алаң қалыптастырамыз
"Бірлескен су хабын құруды Қазақстан мен Германияның мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары өзара іс-қимыл жасайтын, заманауи технологияларды сынақтан өткізіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын практикалық алаң қалыптастыру ретінде қарастырамыз", – деді Нұржан Нұржігітов.
Инфрақұрылымды жаңғырту жобалары талқыланды
Тараптар Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын іске асыруға неміс технологияларын, инженерлік шешімдері мен сарапшылық тәжірибесін тарту мүмкіндіктерін қарастырды.
