Астанада Балқаш көлінің экожүйесін сақтау Мастер-жоспарын әзірлеу бойынша жұмыс кеңесі өтті. Жоба Француз даму агенттігі және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Француз сарапшылары өз зерттеулерінің аралық нәтижелерін ұсынды. Олар алаптағы ауыл шаруашылығының жай-күйін, гидрологияны, мұздық ағынының үлесін, жер үсті және жер асты суларының өзара әрекеттесуін, су ресурстарын бөлуді модельдеуді бағалады. Балқаштың су шаруашылығы жағдайының даму сценарийі 2040 жылға дейін жасалды.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар зерттеу нәтижелерін Балқаштың су жинау алаңын бағалаудың бірыңғай жүйесіне біріктіріп, одан әрі жұмыс үшін басымдықтарды айқындады.
«2026 жылдың соңына дейін зерттеу нәтижелерін интеграциялау және қорытынды құжатты дайындау жоспарлануда. Мастер-жоспар Балқаш көлінің экожүйесін сақтау бойынша ұзақ мерзімді шешімдер қабылдаудың ғылыми негізі болады», – деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Еске сала кетейік, Атом энергетикасы агенттігі Қазақстандағы бірінші АЭС-тің белсенді құрылысы 2027 жылы басталатынын растады. Ол «Балқаш» деп аталады. Құрылыс Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында, Балқаш көлінің жағасында жүргізіледі. Жобаны ресейлік «Росатом» корпорациясы бастаған консорциум жүзеге асырады. Нысанды пайдалануға беру 2035-2036 жылдары күтілуде.
