Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Халық Демократиялық Республикасының президенті Тхонглун Сисулит кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тоқаев Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің әлеуетін атап көрсетті.
«Ең алдымен, металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз», – деді президент.
Мемлекет басшысы екі елдің көлік-логистика саласындағы ықпалдастығына назар аударып, Лаостың бұл бағыттағы табысын жоғары бағалады.
«Қазақстан Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Біз Лаостың теңізге шығатын жолы жоқ елден Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін байланыстырушы елге айналу жолындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Лаос – Қытай теміржолы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытаймен және Еуропамен жалғауға жол ашты. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет», – деп мәлімдеді Қазақстан президенті.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге екі елдің де мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекет басшыларының қатысуымен мынадай үкіметаралық құжаттарға қол қойылды:
- 01Қазақстан Республикасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы өзара түсіністік меморандумы;
- 02Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Жоғарғы халық прокуратурасы арасындағы өзара түсіністік меморандумы;
- 03Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Ғылым және технологиялар министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және электрондық мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы;
- 04Қазақстан Республикасы Астана қаласы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Вьентьян қаласы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандум.
