Курултайдың алдағы отырысының күн тәртібі спикер Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен бюро отырысында айқындалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Палатаның қарауына қылмыспен күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастық бағыттары бойынша ратификациялық заң жобалары шығарылады.
Будапешт конвенциясы бірінші оқылымда
«Бірінші оқылымда компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын да қарау жоспарланып отыр. 2001 жылғы 23 қарашада Будапеште жасалған конвенция — ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күруге бағытталған алғашқы халықаралық шарт. Бүгінгі таңда оның қатысушылары АҚШ, Канада, Австралия, Жапония, Ұлыбритания және Еуропа мемлекеттерін қоса алғанда, 80-нен астам ел», — делінген жарияланған хабарламада.
Конвенцияға қатысу Қазақстанға осы елдермен экстрадиция, ақпарат алмасу және компьютерлік жүйелер мен желілердің, сондай-ақ компьютерлік деректердің құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін бұзуға бағытталған қылмыстар бойынша тергеу жүргізу бөлігінде бірлескен іс-қимыл жасау құқығын береді. Құжат компьютерлік қылмыстар жасағаны үшін мемлекетішілік және халықаралық деңгейде сот қудалауын, сондай-ақ жедел және сенімді халықаралық ынтымақтастыққа қатысты уағдаластықтар әзірлеуді көздейді.
Қатармен қылмыспен күрес туралы келісім
Сонымен қатар депутаттар Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы қылмыспен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Келісім 2024 жылғы 29 қазанда Дохада жасалған. Ол ұйымдасқан қылмыс, террористік және экстремистік қылмыстар, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын заңсыз айналымға түсіру, заңсыз көші-қон және адам саудасы, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттерді шешу кезіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қатынастарды реттеуге бағытталған. Құжатты ратификациялау тараптардың құзыретті органдарының қылмыспен күрес саласындағы өзара іс-қимылы үшін құқықтық негіз құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
ТМД хаттамасы және ДСҰ міндеттемелері
Сондай-ақ депутаттардың назарына 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады. Бұл заң жобасы ТМД тараптарының құзыретті органдары арасында ақпаратты электрондық форматта алмасуды регламенттейтін шартқа өзгерістер енгізуді көздейді.
Бұл қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген қылмыскерлерді анықтау мен ұстауға, сондай-ақ адамдарды іздестіруге бағытталған бірлескен шаралардың жеделдігі мен тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беруі тиіс. Хаттаманы шартқа қатысушы барлық елдер — Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Тәжікстан ратификациялады.
Сонымен қатар екінші оқылымда Қазақстанның 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне енгізілген өзгерістерді ратификациялау туралы заң жобасы қаралады.
