Қазақстан құрамасы 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) бес мүшесінің бәрі алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

Алтын медаль иегерлері: - Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; - Азатбеков Әмірбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы; - Қазымбек Ілияс – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы; - Черемнов Роман – Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы; - Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.

Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып жатыр.