Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысын өткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент ең әуелгі міндет экономиканы және саяси бағытты жаңа талаптарға дер кезінде бейімдеу екеніне тоқталды. Сыртқы конъюнктураның қолайсыздығына қарамастан, Қазақстан экономикасы былтыр 6,5 пайызға өсті. Елдегі ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард долларлық межеден асты.
Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады. Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз, — деді Тоқаев.
Президент халықаралық бизнес үшін тартымды заманауи институционалдық орта қалыптасқанына назар аударды. Сондай-ақ инвестициялық рәсімдерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. Инвестициялық штаб қызметі жедел шешім қабылдауға және инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
Бизнеске институционалдық кепілдіктермен бірге ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған Altyn visa бағдарламасының артықшылығын пайдалана алады, — деді Тоқаев.
