Қазақстанда алма импортына уақытша тыйым салу ұсынылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тиісті бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында жария талқылауға шығарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, тыйымды 2026 жылдың 1 тамызынан 31 желтоқсанына дейін енгізу жоспарлануда. Шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен де, үшінші мемлекеттерден де алмаларды автомобиль, теміржол және су көлігімен әкелуге қатысты болады.
Алайда тыйым Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдауға, сондай-ақ республика арқылы ЕАЭО елдері арасындағы алма жеткізілімдеріне қолданылмайды.
Жоба авторларының айтуынша, бұл шара отандық өндірушілерді қолдауға және қазақстандық өнімнің тұрақты өткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы министрлігінде тыйым әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық жағымсыз салдарға әкеп соқтырмайды деп санайды.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы жария талқылау сатысында. Ол 8 шілдеге дейін жалғасады. Егер құжат қабылданса, шектеулер 1 тамыздан бастап күшіне енеді.
Мұндай шаралар бұрын да қабылданған болатын. 2024 жылы шешім ЕАЭО-ға мүше елдерден алма әкелуге қолданылмады.
Бұған дейін «Курсив» Сауда министрлігінен алма бағасының жоғары болуына не себеп екенін анықтаған болатын. Ведомство дәстүрлі түрде көктемде отандық өнім қоры таусылғанда баға өсетінін, нарыққа қымбатырақ импорттық алмалар, оның ішінде Қытайдан келетінін түсіндірді.
