Қазақстан хоккей құрамасы қатарынан үшінші рет Азия чемпионатын жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен жарыста ұлттық құрама финалда Оңтүстік Корея командасынан басым түсті, деп хабарлады Sports.kz. Талғат Жайлауовтың шәкірттері негізгі уақытта да, қосымша уақытта да қарсылас қақпасына шайба соға алмады. Оңтүстік Корея құрамасы да гол соққан жоқ. Сондықтан ойын жеңімпазы буллиттер сериясында анықталды. Ұзаққа созылған буллиттер сериясында қазақстандық хоккейшілер дәлірек ойнап, 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын бірде-бір рет жеңілмей аяқтады. Ұлттық құрама үш матчта үш жеңіске жетті. Алғашқы турда қазақстандықтар Жапонияны 3:2 есебімен жеңсе, кейін Қытай құрамасын 5:0 есебімен ұтты. Ал соңғы кездесуде Оңтүстік Кореядан буллиттер сериясында басым түсті (1:0).

Сегіз ұпай жинаған Қазақстан қорытынды турнир кестесінде бірінші орын алды. Жапония алты ұпаймен күміс жүлдеге, Оңтүстік Корея төрт ұпаймен қола жүлдеге ие болды. Қытай құрамасы жарысты бірде-бір ұпай жинамай аяқтады.

Айта кетері, Қазақстан құрамасы Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) ұйымдастыруымен өткен Азия чемпионаттарының үшеуінде де жеңіске жетті. 2024 жылы қазақстандық хоккейшілер Алматыда өткен алғашқы турнирде чемпион атанды. 2025 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен жарыста чемпиондық атағын қорғады. Ал биыл Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында тағы да жеңіске жетіп, қатарынан үшінші рет чемпион болды.