Қазақстан мен Халықаралық электрбайланыс одағы (ХЭО) цифрлық құзыреттерді дамытуға келісті. Дохада қол қойылған құжаттар қазақстандық жас мамандарға ХЭО-да жұмыс істеуге жол ашпақ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ Африка елдерінің қатысушыларына 100 тегін оқу орнын қарастырады. Ал Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығын құруға практикалық серпін бермек.

Қазақстанның ХЭО кіші кәсіби қызметкерлер бағдарламасына (Junior Professional Officers, JPO) қосылуы туралы келісімге Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин қол қойды.

«Қазақстан бағдарламаны 0,6 жарна бірлігіне баламалы үлеспен қолдауды жоспарлап отыр. Аталған бірліктерді бөлуге қазақстандық байланыс операторлары жәрдем көрсетті. Бағдарлама қазақстандық жас мамандарға ХЭО-да практикалық жұмыс тәжірибесін жинақтауға, халықаралық сарапшылармен өзара іс-қимыл жасауға және ұйымның бастамаларына қатысуға мүмкіндік береді», — дейді министрлік.

Екінші құжат Африка елдерінің қатысушыларына арналған 100 тегін оқу орнын қарастырады. Тағы бір практикалық қадам – ХЭО мен ЦАРКА арасында Қазақстандағы ХЭО Акселерация орталығының моделін әзірлеу және валидациялау жөнінде жасалған хат-келісім.

Орталықты құру туралы келісімге Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен ХЭО 2026 жылғы 5 шілдеде қол қойған болатын. Бұл жаһандық әдістемелерді нақты міндеттерге бейімдеуге және Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен ХЭО уағдаластықтарды жүзеге асыруға кірісіп, бағдарламаларды іске қосу бойынша алдағы қадамдарды айқындауды жоспарлап отыр.