2026-2027 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қайырымдылық бағдарламасы аясында талапкерлердің жоғары оқу орындарында білім алуына 350 білім беру грантын бөлді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Білім беру грантына ауылдық елді мекендер, шағын және моноқалалар мектептерінің 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) түлектері төмендегі санаттардың біріне жататын жағдайда үміткер бола алады:

  • 01жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғалар;
  • 02мүгедектігі бар тұлғалар;
  • 03мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары, сондай-ақ ата-анасының мүгедектігі бар талапкерлер.

Білім беру грантының иегерлеріне оқу ақысы жылына 1 миллион теңгеге дейін төленеді. Сонымен қатар оқу кезеңінде ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Шәкіртақы жыл сайын жазғы демалыс кезеңін қоспағанда 10 ай бойы төленеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, білім беру грантын алуға үміткерлердің тізімі жоғары оқу орны немесе оның филиалы ҰБТ-дан өтіп, оқуға түсу үшін белгіленген ең төменгі өту балын жинаған талапкерлердің (оның ішінде шығармашылық емтихандардың нәтижелері ескерілген) арасынан жасалады. Үміткерлер тізімі жоғары оқу орнының конкурстық комиссиясы отырысының хаттамасымен рәсімделеді.

Бағдарламаға қатысатын жоғары оқу орындарының тізімі, бөлінген гранттар саны және оларды беру тәртібі туралы толық ақпарат «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми сайтында орналастырылған.