«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жаңа оқу жылында білім беру гранттарын тағайындаудың тәртібін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қордың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, ауылдық елді мекендерден, шағын және моноқалалардан шыққан жастарды қолдау шаралары күшейтіледі. Биыл барлығы 350 білім беру гранты беріледі.
Грантқа ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда мектеп бітірген 25 жасқа дейінгі түлектер құжат тапсыра алады. Олардың қатарында: - жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; - мүгедектігі бар адамдар; - мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.
Қор бір академиялық жыл үшін оқу ақысын 1 миллион теңгеге дейін төлейді, сондай-ақ оқу жылының 10 айы бойы ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындайды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда шәкіртақы мөлшері 1,5 есеге өсіп, 40 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілді.
Талапкерлерден құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 1–17 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Ал грант иегерлерінің тізімі қордың ресми сайтында 11 қыркүйекке дейін жарияланады.
Қордың серіктес 44 жоғары оқу орны бар. Осы оқу орындары туралы ақпаратты және қажетті құжаттар тізімін қордың ресми сайтынан табуға болады.
