Қазақстан Еуроодаққа импортталатын мұнайдың 13 процентін, ал уранның 16 процентін қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews мақаласында жазды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы екі жақты байланыстарды дамытудың тағы бір бағытын ұсынды. Ол – ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу. Себебі әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығы артып келеді.

«Қазақстан – әлемдегі ірі астық экспорттаушылары мен өндірушілерінің бірі. Еуропа нарықтарына біраз өнім жеткізе алады. Ал еуропалық ноу-хау, технологиялар мен инвестициялар өнім өңдеуді тереңдетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыра алады», - деп жазды Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бүгінде «шикізатты инвестициялар мен технологияларға айырбастау» сияқты дәстүрлі модельді өзгертетін кез келді. Соның орнына терең өңдеуді күшейтіп, технологиялармен бөлісуді қолға алған жөн. Осы орайда бірлескен зерттеулер мен кәсіпорындардың рөлі зор.

Айта кетері, Қасым-Жомарт Тоқаев 22-23 маусым аралығында Брюссельге барып, Еуропа елдерінің басшыларымен кездеседі.