«Хабар» мемлекеттік телерадиокомпаниясы Қазақстанның «Евровидение-2027» халықаралық ән байқауына қатысуы туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

БАҚ беттерінде Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) «Хабар» мемлекеттік телерадиокомпаниясының 2027 жылы «Евровидениеге» қатысу туралы өтінімін қабылдамады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Politico ақпараттық порталы жазды.

Politico еуропалық ұйымдастырушыларға сілтеме жасап: «Қазақстан Еуропалық хабар тарату аймағынан тыс жерде, Еуропа Кеңесінің мүшесі болып табылмайды және осы ұйымның жанында бақылаушы мәртебесіне ие емес. Осыған байланысты EBU-ға мүшелікке өтініш берген «Хабар» белгіленген критерийлерге сәйкес келмейді», — деп жазады.

Алайда «Хабар» агенттігі бұл ақпаратты түбегейлі жоққа шығарды.

«Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікте «Хабар» Агенттігі» Қазақстанның «Евровидение-2027» халықаралық ән байқауына қатысуына өтінім жолдағаны туралы ақпарат тарап жатыр, аталған мәлімет шындыққа жанаспайды», — деді «Хабар» агенттігі.

Олардың мәліметінше, түрлі түсініспеушіліктің алдын алу мақсатында агенттік Еуропалық хабар тарату одағымен (EBU) арадағы іс-қимыл хронологиясы мен серіктестік деңгейін нақтылауды жөн көрген.

«2025 жылы 4 шілдедегі хатта агенттік EBU басшылығының атына ресми хат жолдағаны рас. Хатта Қазақстанның «Евровидение-2026» байқауына қатысу, сондай-ақ Агенттіктің EBU-дың толыққанды мүшесі мәртебесіне өту мүмкіндігін қарастыру туралы жазылған. EBU 2026 жылғы 29 қаңтардағы жауап берді. Хатта Қазақстан өкілдерінің «Евровидение — 2026» байқауына қатысуы туралы өтінішін қанағаттандыру қазіргі қолданыстағы тәртіп шеңберінде мүмкін еместігін хабарлады», — дейді «Хабар».

Агенттіктің айтуынша, «Хабар» агенттігі 2027 жылғы байқауға қатысуға ешқандай өтінім немесе ресми сұраныс жолдаған емес. Бүгінгі таңда бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ, сондай-ақ ұлттық іріктеуді өткізу жоспарланбаған.