Қазақстанның Ресейдегі елшілігі 4 қарашада аталып өтетін Халық бірлігі күнімен ресейліктерді құттықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Елшіліктің құттықтау хабарламасында Қазақстан Ресеймен достық, тату көршілік қарым-қатынасты жоғары бағалайтыны атап өтілген.

«Біздің еліміз Ресеймен достық, тату көршілік қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Бұл байланыстар стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында тұрақты дамып келеді. Ресей халқына зор денсаулық, өркендеу мен бақ-береке тілейміз!» – деп жазылған елшіліктің құттықтау хабарламасында.

Халық бірлігі күні 2004 жылғы желтоқсанда Ресейдің Дінаралық кеңесінің бастамасымен бекітілді. Елде алғаш рет 2005 жылғы 4 қарашада аталып өтті.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Халық бірлігі күні кеңестік мереке – Келісім мен татуласу күнінің орнын басты. Ол 7 қарашада аталып өтетін.