Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың II тоқсанындағы халықтың жұмыспен қамтылуы туралы деректерді жариялады. Зерттеуге сәйкес, 7,3 млн адам жалдамалы жұмыс істесе, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Жұмыспен қамтылғандардың салалар бойынша үлесі
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі мына салаларға тиесілі:
- 01сауда – 16,8%;
- 02білім беру – 13,3%;
- 03өнеркәсіп – 12,4%;
- 04ауыл шаруашылығы – 10,5%;
- 05көлік және қоймалау – 7,1%;
- 06құрылыс – 6,8%;
- 07денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 6,6%.
Жұмыспен қамтудағы өсім
2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда бірқатар салада жұмыспен қамтылғандар саны артқан. Ең жоғары өсім жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласында тіркелді – 37 мың адамға.
Сондай-ақ білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар саны 31,1 мың адамға, денсаулық сақтау саласында 21,2 мың адамға өскен. Бұдан бөлек, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 15,1 мың адамға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 7,7 мың адамға, қаржы және сақтандыру саласында 7,4 мың адамға артқан.
