Үкімет ел экономикасының дамуына қатысты тоғыз айдың қорытындысын жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл экономика үшін тиімсіз факторлар болды. Олар: мұнай өндіру көлемінің 69,4 млн тоннаға дейін төмендетуі; теңгенің нығаюы (экспорт пен бюджет кірісіне теріс әсері); тұтынушылық кредиттердің 16 процентке азаюы (соның салдарынан тұтынушылық сұраныс төмендеді).

"Аталған факторларға қарамастан, Қазақстан экономикасының өсуі жалғасып жатыр және оң динамика көрсетуде. Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2 пайызды құрады", — деді Жұманғарин үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді.

"Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда ең жоғары қарқын көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады", — деп атап көрсетті вице-премьер.

Тоғыз айдағы жетекші салалар

9 айда ең жоғары қарқынмен дамыған салалар:

  • 01өңдеу өнеркәсібі;
  • 02құрылыс;
  • 03көлік қызметтері.

Ал сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс саласында оң динамика қалыптасып отыр.