Бельгия королі Филипп пен королева Матильда 11-14 қазан аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, екі елдің өкілдері бірқатар халықаралық құжаттарға қол қояды. Сапар барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу өтіп, тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылайды.
Сапар бағдарламасында «Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесінің отырысына және екі елдің университет ректорлары форумына қатысу қарастырылған. Сонымен қатар басқа да іс-шаралар жоспарланған.
Бұған дейін Филипп Қазақстанға үш рет келген, бірақ ол кезде ол әлі мұрагер ханзада мәртебесінде еді. 2002 және 2009 жылдары ол бельгиялық астронавт Франк Де Винненің ұшуына байланысты Байқоңыр ғарыш айлағында болды. 2010 жылы Филипп Астанаға келген бельгиялық экономикалық және сауда делегациясын басқарды.
Сапар қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Бұған дейін Қазақстанға Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Аль Саид мемлекеттік сапармен келген болатын. Екі елдің көшбасшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығына барып, инвестициялық ынтымақтастық пен исламдық қаржыны дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
