Қазақстан Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсында бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсы кеңесінің IV отырысы өтті.

Жиынға 20-дан астам мемлекеттің мәдениет саласына жауапты ведомство басшылары, Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зерттеу орталығының (ИККРОМ) және Қақтығыс аймақтарындағы мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянстың (ALIPH) өкілдері қатысты.

Қазақстанның мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов еліміздің ЮНЕСКО-мен ортақ жұмысы туралы айтып, альянспен ынтымақтастықты үш бағытта дамытуды ұсынды.

Олар: мамандар даярлау және тәжірибе алмасу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект көмегімен ескерткіштерді қашықтан бақылау, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы нысандарда бірлескен археологиялық және ғылыми зерттеулер жүргізу.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанға Альянстың бақылаушы мемлекеті мәртебесі берілді.

Вице-министр қолдау білдірген кеңес мүшелеріне алғыс айтып, бұл мәртебе Азия елдерімен ортақ мәдени мұраны сақтау бағытындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.