Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (СІМ) АҚШ-тың Чикаго қаласында Қазақстан азаматы Асет Құралбайдың жоғалғаны туралы ақпаратты растады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен байланыста болып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Нью-Йорктегі Бас консулдығымыз азаматтың туыстарымен де тығыз байланыста. Жағдай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», — делінген СІМ хабарламасында.
Бұған дейін «Курсив» әлеуметтік желілерде Иллинойс штатында тұратын 24 жастағы Қазақстан азаматы Асет Құралбайдың жоғалғаны туралы ақпарат пайда болғанын жазған. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, ол Чикаго маңындағы Форд-Хайтс ауданында тұрған.
Туыстарының айтуынша, Құралбай соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бастап оның телефоны қолжетімсіз болған. Үйде оның құжаттары мен банк карталары қалған.
Сондай-ақ, 10 маусымда полиция жоғалған адамның көлігін — DP 86722 мемлекеттік нөмірі бар Toyota Camry-ді тапқаны хабарланған. Асет Құралбайдың өзінің қайда екені әлі белгісіз.
Жарияланым авторлары Асет Құралбай туралы ақпараты бар немесе оны соңғы күндері көргендерді туыстарына +7-702-575-47-47 нөмірі бойынша хабарласуға шақырды.
