Қазақстан Ауғанстанмен арадағы тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ аясындағы конференцияда мәлімдеді. Абаев Орталық Азиядағы тұрақтылық аймақ елдерінің бірлескен күш-жігеріне байланысты екенін атап өтті.
Оның айтуынша, өңірдегі негізгі қауіп-қатерлердің қатарында терроризм, трансшекаралық қылмыс, кибершабуылдар және климаттық тәуекелдер бар.
«Қазақстан көршілерімен тату қарым-қатынас орнатқан және өңірлік экономикалық диалогқа белсенді қатысатын бейбіт, біртұтас әрі тұрақты Ауғанстанның болғанына мүдделі», – деді Дәурен Абаев.
Елшінің мәліметінше, 2026 жылдың толық емес кезеңінде Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы шамамен 600 млн долларды құраған. Екі тарап бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр.
Қазақстан Ауғанстанды Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік бағыттарының маңызды буыны ретінде қарастырады.
Маусым айында Қазақстан Ауғанстанға 320 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Сондай-ақ елдің шығысында болған жер сілкіністерінен кейін медициналық миссия ұйымдастырылды.
Дәурен Абаев шекара асып таралатын қауіп-қатерлермен күресу үшін өңір елдері қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық мәселелерді шешу және гуманитарлық көмек көрсету бағыттарында бірлесіп әрекет етуі қажет екенін атап өтті.
