Қазақстандық автопромға алдағы үш жылда 10 мыңнан астам инженер мен жұмысшы қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, бүгінде автопром үшін кадрлар даярлау Қазақстанның 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілуде.
Министр қазіргі уақытта Қазақстанда төрт мыңға жуық студент автомобиль өнеркәсібі қажет ететін бағыттар бойынша инженерлік білім алып жатқанын қосты.
«Автомобиль өнеркәсібі саласы үшін инженерлік және жұмысшы кадрларға деген қажеттілік алдағы үш жылға 10 201 адамды құрайды», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Деректер 73 мың кәсіпорынды, оның ішінде автопром саласындағы 92 кәсіпорынды қамтыған ауқымды сауалнама негізінде жасалған.
Сонымен қатар, сала үшін кадрлар шетелде «Болашақ» бағдарламасы бойынша да даярлануда. Осы бағдарлама аясында 176 маман оқытылды, қазіргі уақытта тағы 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа елдерде оқудан және ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда машина құрастыруды ЖИ бақылай бастағанын жазған болатын.
