Қазақстан Республикасы атом саласы үшін кадр даярлау мәселелері жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Отырысқа Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, "Росатом" мемлекеттік корпорациясының, екі елдің бейінді ұйымдары мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қазақстандық тарап атом саласына кадр даярлау жөніндегі өз тәсілдерін таныстырды. Атап айтқанда, кадрлық жоспарлау, білім беру бағдарламаларын дамыту, оқу-зертханалық базаны нығайту, сондай-ақ екі елдің жоғары оқу орындары мен салалық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.
Ресейлік тарап серіктес елдерде кадр даярлау тәжірибесін, атом электр станцияларын білікті мамандармен қамтамасыз ету тетіктерін, жас мамандарды қолдау, кадрлық ынтымақтастықты дамыту және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру бағыттарын таныстырды.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар өзара ұсыныстарды қарап, кадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі алдағы бірлескен іс-шараларды келісіп, бекітті.
