Қаржы министрлігі 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасын дайындады. Құжатқа сәйкес, 2027 жылы қосылған құн салығынан (ҚҚС) түсетін жалпы түсімдер 9,5 трлн теңгені құрауы тиіс, бұл 2026 жылғы ҚҚС болжамынан 2,5 трлн теңгеге немесе 36%-ға артық. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер бойынша ҚҚС
2027 жылы Қазақстанда өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер бойынша ҚҚС түсімдері 4,5 трлн теңгені құрайды – бұл 2026 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық (86%) артық. Бұл өсімнің 575 млрд теңгесі ЖІӨ өсуі есебінен түсімдердің ұлғаюымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бюджеттен ҚҚС қайтару сомасы 1,1 трлн теңгеге төмендеуі тиіс.
Жаңа ставкалардың әсері
Жаңа ставкалар бюджетке қосымша 338 млрд теңге ҚҚС түсімін әкелуі керек. 2026 жылдың бірінші тоқсанында салық 2025 жылдың төртінші тоқсаны үшін 12% ставка бойынша төленді. Ал 2027 жылдың бірінші тоқсанында бюджет 2026 жылдың төртінші тоқсаны үшін ҚҚС-ты жаңа 16% ставка бойынша алады.
Импорт бойынша ҚҚС
Қазақстанға импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС 5 трлн теңге әкелуі тиіс – бұл 9%-ға өсім. Импорттың болжамды көлемінің ұлғаюы есебінен түсімдер 439 млрд теңгеге, ал салық әкімшілендіруін жақсарту есебінен тағы 4 млрд теңгеге өседі.
Кейінгі жылдардағы болжам
2028 жылы ҚҚС түсімдері 10,5 трлн теңгені, ал 2029 жылы 11,4 трлн теңгені құрауы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанда QR-төлемдерге қызмет көрсету, телефон нөмірі бойынша аударымдар, электронды ақша және цифрлық теңге бойынша ҚҚС-тан босату мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.
