«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қауіпсіздік қызметі компанияға тиесілі жеке қорғаныс құралдарының ұрлану дерегін анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
№67 «Батыс» кен орнында қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген мердігер ұйымның қызметкері жалған тауар-көлік жүк құжатын пайдаланып, Ultra-210 маркалы респираторларды жымқырған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 2 131 426 теңгені құрады.
Ішкі тексеру материалдары дереу құқық қорғау органдарына тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті өз кінәсін толық мойындап, компанияға келтірілген материалдық залалды толық көлемде өтеді және кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасты.
Қылмыстық істі қарау нәтижесінде Сәтбаев қалалық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Сондай-ақ сотталушы заңнамада көзделген міндетті төлемді жәбірленушілердің өтемақы қорына төлеуге міндеттелді. Тәркіленген мүлік заңды иесіне қайтарылды.
