«Қазақмыс» корпорациясы кеншілердің бүгінгі наразылық акциясына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ереуілге бірнеше кеніштің жұмысшылары қатысып, жалақыны көтеруді талап еткен. Алайда «Қазақмыс» ереуіл тек Оңтүстік Жезқазған кенішінде өткенін мәлімдеді.

«Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі шахталардың бірінің жұмыскерлері материалдық-техникалық жарақтандыру мен еңбек жағдайына қатысты бірқатар мәселе көтеріп, «Қазақмыс» компаниялар тобының басшылығына жүгінді. Компания басшылығы еңбек ұжымы өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді», – делінген ресми хабарламада.

Компания мәліметінше, жұмысшылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен бастамалар белгіленген тәртіппен қаралады. «Көтерілген мәселелердің басым бөлігі ұзақ жылдар бойы жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан жабдықтардың техникалық жағдайына қатысты болды. Осыған байланысты басшылық еңбек жағдайын жақсарту, сондай-ақ өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, оны іске асыру қарқынын жеделдетуге ниетті», – деп хабарлады компания.

Қазіргі уақытта кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр.