Жақында қазақ қыздарына тіл тигізген екі шетелдік блогерге қатысты жаңа дерек шықты, енді оларға ұсақ бұзақылықтан бөлек, әлдеқайда ауыр бап бойынша айып тағылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған стримнің видеожазбасында екі шетелдік азамат қазақстандық қыздардың намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл жазба қоғамда үлкен наразылық тудырып, артынша полиция оларды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған еді.
Алайда, Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, бұл іс әкімшілік жазамен шектелмеуі мүмкін. Ол Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) оларға қатысты қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
««Ішкі істер министрлігі ұлтаралық араздықты қоздыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 174-бабымен тергеуді бастады», – деді Қойгелдиев.»
—
Аталған бап бойынша айыбы дәлелденсе, кінәлі деп танылған адамдар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Фото: Әлеуметтік желіден
