Фото: abai.kz

Қазақ кітап нарығының тұралап қалған тұсында оқырман мен автор арасындағы көпірді қайта жалғаған ерекше құбылыс пайда болды. Ақын әрі жазушы Ақберен Елгезектің «Дардай» романы – тек жаңа шығарма емес, әдеби кеңістіктегі жаңа модельдің бастауы. Жазушы бұл туынды арқылы қазақ оқырманы бар екенін, тек оған жол табу керектігін дәлелдеді, деп хабарлайды qazaqyia.kz/ ақпарат агенттігі.

«Қазақ кітабы және нарық» деген аса зор проблема 30 жылдан бері шешілмей келеді. Жұрттың бәрі де қаламгерлердің билік тендермен шығаратын 1-2 мың тиражбен шығатын кітабын місе тұтып, ол қолында барлардан атан-түйедей сұрап алатын күйге ұшырады.

Міне, осыны ескермей, былайғы жұрт «қазақ кітап оқымауға айналды» деп қара аспанды төндіретін күйге жеттік. «Ұра берсең Құдайда өледі» демекші, қазақ жұртының санасына осы пікір әбден сіңіп те кетті. Қазақ кітап оқымайды емес, нарықтағы жағдай оқытпайды деген жөн сөзді ұғатын жан табылмайтын болды.

Осы догманың сеңін белгілі ақын, әрі қарымды да, алымды жазушы Ақберен Елгезек «Дардай» романымен бұзды.

Бұған дейін Ақберен бауырымыз прозада өзінің бағын сынап, «Болмаған балалық шақ» романымен әдеби төңкеріс жасағанын да осы орайда айта кетпекпіз. Артынша, бір жылда үш бірдей театрда спектакль қойылып, әлі күнге жұрт жапырылып баратын аншлаг қойылым боп келеді. 2025 жылдың көктемінде шығармамен аттас кинотуынды да үлкен экрандарға шығып, 1,5 ай айналымнан түспей, табысты киноөнімге айналды.

«Болмаған балалық шақ» тырнақалды туындысымен прозадағы бағын сынаған Ақберен Елгезек енді қазақ оқырманына «Дардай» романын ұсынып отыр. Атақты колумбиялық Маркестің «мені баспагерлер аш қалдырмайды» деген сөзін, Ақберен «Мені, ұлт қаламгері ретінде заманалық АІ мен ІТ аш қалдырмайды» деп мәдени ұран тастады. Неге біз «мәдени ұран тастады» деп отырмыз!?Иә, қай газетті ашып қалма, қай сайтты басып қалма кітабын оқырманға жеткізе алмай зарлаған қаламгерлер қауымынан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті АІ мен ІТ-ді атша ерттеп мінуге тиіс жастарға да осы ауру, осы зарлауықтық дерті жұғыпты. «Кеңестік кезеңде 100 мыңды еңсеруші едік, қазір 1-2 мыңдық тендерге телміріп қалдық», дейтін ақсақал жазушылар бұны айтса құба құп дер едің? Осыған дейінгі бастықтар мен бизнесмендердің табалдырығын тоздырып, «кітабымды шығарып бер» дейтін тіленкештік адам жиренетін жаман әдеттен арылуға жасалған алғашқы қадамды ұшыратқанда шынын айту керек қуандық.

«Дардай» романы өлі қазақ кітап нарығының бойына қан жүгіртті. Қазақ кітап нарығы деген қураған терекке жан бітірді. Және ең бастысы жалпыалаштық «тұтынушылық» нарығында кітапқа деген сұраныстың бар екенін тамыршыдай тап баса білді. Өзге әріптестері аңғармаған дүниені бірінші болып байқады.

Қазақтың табиғаты қашанда ешкім қолмен ұстап көрмеген, бірақ аты мен атағын сырттай білетін нәрсенің өзінде болуын қалаушылықтан тұрады. Бұны бизнес тілімен «тұтынушылық қасиет» деп атайды. Иә, нарық қазақ өміріне кіргелі ұлтымыз тек брендке айналған дүниелерді ғана тұтынып, қалғандарын менсінбейтін болды. Кітапты да тап сондай қылып, өзінің ойлы оқырманына әзірге тек Ақберен Елгезек қана ұсына алды.

Жазушылар арасында да: «Бәріміз де кітап шығарып көріп едік, бірақ онлайн сатуға қойғанды бірінші рет көрдіктің» дәуірі туды. Оны туғызған Ақберен Елгезектің «жазып шығу маған – серт, онлайн сатылсаң саған – серт» деген алапат туындыгерлік тірлігі.

Телеграм платформасында Ақберен Елгезек жасақтаған онлайн кітап дүкені әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері едәуір талқыға түсті. Жалпы жұрт авторға құтты болсын айтып, романға сәттілік тілеп жатты.