Қазақстанда 2,5 млрд текше метрлік Қашаған газ өңдеу зауыты жобасын іске асыру басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов "QazaqGaz" ҰК" АҚ, "PSA" ЖШС, NCOC компаниясы акционерлерінің басшылығы қатысқан кеңесте бұл жобаның еліміздің газ саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін және үкіметтің ерекше бақылауында тұрғанын атап өтті.
EPC-мердігері ретінде China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch және China Wuhuan Engineering Corporation Ltd компанияларынан құралған консорциум айқындалды. Министр жобаға қатысушы барлық тарапқа жұмысты тиімді үйлестіруді және жобаны іске асыру мерзімін сақтауды тапсырды.
Сондай-ақ "QazaqGaz" ҰК" АҚ-на жобаны іске асыру барысы, қабылданып жатқан шаралар және туындаған мәселелер туралы ақпаратты жедел түрде шешу үшін Энергетика министрлігіне ай сайын ұсынып отыру тапсырылды.
