Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражат жымқыру деректерінің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп жатқан тұста алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, қаскөйлер өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, «анықталған заңбұзушылықтарды» алға тартып, медицина мекемелерінің басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытады. Сонымен қатар сыйақы берсе, жауапкершілікке тартпауға уәде етіп, ақша талап етеді.
Осындай алаяқтық схеманың жолы Түркістан облысында кесілді. Екі адам өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен медициналық ұйымдардың бірінің басшысынан 15 млн теңге көлемінде ақша алуға тырысқан. 5 млн теңгені алғаннан кейін алаяқтар қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.
Осы жылғы 8 тамызда олар қылмыс үстінде ұсталды. Сот сыбайластарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.
