Алматы-Ақтау рейсінің жолаушылары 2 сағатқа кешігіп ұшты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиғаға куә болған блогердің айтуынша, стюардессаға сөмкені көтеруге көмектеспек болған зейнеткер орынсыз әзіл айтқан. Осыдан кейін барлық жүк қайта тексерілген.

Көліктегі полиция департаменті бұл ақпаратты растады. "FlyArystan" әуе компаниясының актісіне сәйкес, жолаушы Алматы халықаралық әуежайында қазақ тілінде "мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма?" деген әзіл айтқаны үшін Алматы – Ақтау рейсінен түсірілді, - дейді полиция.

Көлік полицейлері авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп, жедел тексеру жүргізді. Тексеру барысында тыйым салынған немесе жарылғыш зат табылған жоқ. Эвакуация жүргізілген жоқ, әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырды.

Қарт жолаушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылып, ісі сотта қаралады.