Ескілікті, тоғышарлықты және радикализмді насихаттайтын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин ішкі саясат мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Вице-президент прогрессивті конституциялық құндылықтарды одан әрі ілгерілетіп, қоғамдық санада орнықтыру қажет екенін атап өтті.

«Елімізде елеулі өзгерістер болып жатыр. Қоғамдық өмірдің барлық саласы жаңғыруда. Сондықтан халық арасында еңбекқорлық, білім, ғылым және прогресс секілді жасампаз құндылықтарды дәріптеу өте маңызды. Сонымен қатар ескілікті, тоғышарлықты, радикализмді насихаттайтын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою керек. Көпшілік ортада арагідік ұшырасатын түрлі шектен тыс әрекеттер мен мәдениетсіздікке адамдардың өзі қарсы екенін көріп жүрміз. Бұл қоғам мәдениеті мен құндылықтардың өзгере бастағанын білдіреді», – деді Ерлан Қарин.

Оның пайымдауынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға негізделген жаңа экономикаға сай мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру қажет.

«Сондықтан мемлекеттің сервистік моделінің тетіктерін, атап айтқанда, халықпен кері байланыс орнатуға арналған ақпараттық жүйелерді жетілдіру ісін жеделдеткен жөн. Орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің барлық байланыс орталықтарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру маңызды міндетке айналып отыр», – деді Ерлан Қарин.

Кеңес барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылармен ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, ақпараттық, отбасы және жастар саясатындағы басымдықтар қаралды.