Қазгидромет мамандары қараша айына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің болжамына сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде қараша айы әдеттегіден 1-2 градусқа жылы, елдің солтүстік-батыс бөлігінде климаттық норма шамасында болады деп күтілуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауа райы құбылмалы болады

«Қазақстан аумағы бойынша ай ішінде ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын, кейбір күндері қатты жауын-шашын, бұрқасын, желдің күшеюі, тұман және көктайғақ болады деп болжанып отыр», – дейді мамандар.

Бірінші апта

Қарашаның бірінші аптасында жауын-шашынсыз, салыстырмалы түрде жылы, кей күндері бұлтты ауа райы басым болады. Тек елдің солтүстік-шығысы мен шығысында айдың басында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады, түнгі уақытта тұман болуы мүмкін.

Циклон әсері

Бірінші онкүндіктің ортасында елдің батыс өңірлерінде белсенді циклонның әсерімен Қара теңіз аудандарынан жауын-шашын (жаңбыр, қарға ауысумен) күтіледі. Онкүндіктің соңына қарай республиканың қалған өңірлерінде де жауын-шашын, желді ауа райы болжанады, Қазақстанның оңтүстік жартысында негізінен жаңбыр жауады. Тұман, көктайғақ және екпіні 15-28 м/с дейінгі жел болады.

Температуралық фон

Айдың басындағы ауа температурасы: елдің батысында, оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында күндіз +12+22°С; солтүстікте, солтүстік-батыста (Қостанай облысы), орталықта және шығыста түнде -1-8°С-тан 0,+5°С-қа дейін ауытқу, күндіз +5+13°С болжанады.

Бірінші онкүндіктің соңында елдің солтүстік жартысында күндіз температура фонының 0,+5°С дейін, оңтүстік жартысында +8+13°С дейін, батыста +2+10°С дейін төмендеуі күтіледі. Қазақстанның таулы аймақтарында ауа температурасы түнде -3+2°С-тан -5-10°С-қа дейін ауытқиды, күндіз +2+10°С күтіледі.

Екінші және үшінші онкүндік

Қарашаның екінші және үшінші онкүндігінде жиі ауытқитын температуралық фон күтіледі: елдің солтүстік жартысында түнде -1-13°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз +1+10°С-тан 0,-5°С-қа дейін, елдің оңтүстік жартысында түнде 0,-5°С-тан +2+10°С-қа, күндіз 0,+5°С-тан +7+15°С-қа дейін. Алайда, жекелеген күндері елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында түнгі ауа температурасының -10-18°С-қа дейін төмендеуі болжанып отыр.