Алматы облысының Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2 шілде күні сағат 06:50 шамасында Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы "Ақсай карьері" ЖШС аумағында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды. Бұл туралы облыстық әкімдік хабарлады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жақын маңдағы 9 жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі уақытта инженерлік және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмысқа барлығы 19 қызметкер мен 14 техника жұмылдырылды.

Әкімдіктің мәліметінше, қалыптасқан жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешім қажетті жұмыстарды жедел жүргізіп, тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Алматы облысының қалған аудандарында жағдай тұрақты.

Ведомство тұрғындарды сабыр сақтауға, уәкілетті органдардың ұсыныстарын орындауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.