Қарағандылық оқушы Анна Рагозина VII халықаралық ғылыми-танымдық «Білім мұзжарғышы» экспедициясы құрамында Солтүстік полюске жол тартты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

4 тамызда VII халықаралық ғылыми-танымдық «Білім мұзжарғышы» экспедициясының қатысушылары «Жеңістің 50 жылдығы» атомдық мұзжарғыш кемесімен Солтүстік полюске жол тартты, деп хабарлады Орталық Азиядағы «Росатом».

10 күнге созылатын экспедицияда 23 елдің оқушылары мұзжарғыш кеменің жұмысымен танысып, оның қалың мұз қабаттарын қалай бұзып өтетінін зерттейді. Сондай-ақ олар дәрістерге, шеберлік сабақтарына және командалық іс-шараларға қатысады.

Қазақстан атынан бұл экспедицияға қарағандылық оқушысы Анна Рагозина қатысып жатыр. Айтуынша, жоба әлемге жаңа көзқараспен қарауға, түрлі елдерден келген құрдастарымен танысуға және Жер шарындағы бірегей өңір саналатын Арктиканы өз көзімен көруге мүмкіндік береді.

«Білім мұзжарғышы» жобасы жүзеге асқан алты маусым ішінде Солтүстік полюске ұйымдастырылған арктикалық экспедицияларға әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ден астам мектеп оқушысы қатысқан.