Қарағандыда Ұлттық домбыра күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Жүздеген домбырашы Құрманғазының «Адай» күйін орындады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Домбыра – ұлт қазынасы» мерекелік акцияға кәсіби музыканттармен қатар оқытушылар, студенттер, музыка мектептерінің тәрбиеленушілері және ұлттық аспапта өнер көрсетуді сүйетін әуесқой домбырашылар да қатысты. Олардың арасында 13 жастағы Злата Тарадина да бар. Мектеп оқушысы бес жылдан бері домбыра тартуды үйреніп жүр.

«Домбыра үйірмесіне баруға ата-анам ұсыныс жасады. «Ата толғауы» үйірмесінің жетекшісі Бибігүл Тілеуханованың тәлімінің арқасында бірнеше күйді меңгердім. Қазір түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Домбыра менің өмірімнің ажырамас әрі қымбат бөлігіне айналды», — дейді жас домбырашы.

Бүгінгі мерекелік бағдарлама Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылды. Ал «Адай» күйінің жаппай орындалуы кештің шарықтау шегі болды. Жүздеген домбыраның қоңыр үні бір арнаға тоғысқанда театр алдындағы алаң алып сахнаға айналды.