Қарағанды облысы Қазақстанда алғаш рет қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған қызметтік робот-итті пайдаланған өңір атанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Заманауи әзірлеме Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралар барысында нақты жағдайда сыналып, өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеді. 17–18 шілде күндері Балқаш және Теміртау қалаларында өткен мерекелік іс-шараларға 115 мыңнан астам адам қатысты.
Іс-шаралардың басты жаңалығы – жасанды интеллект жүйесімен жабдықталып, полицияның ақпараттық дерекқорларымен толық ықпалдастырылған қызметтік робот-ит болды. Ол нақты уақыт режимінде полицияның іздеуінде немесе бақылауындағы адамдарды бет-бейнесі арқылы автоматты түрде анықтай алады. Бұл күдікті тұлғаларды жедел анықтау және полицияның әрекет ету тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, - дейді полиция.
Жаңа технология алғашқы сынақтың өзінде нақты нәтижесін көрсеткен. Қызмет барысында робот-иттің көмегімен төрт құқық бұзушы анықталды. Олардың қатарында алимент төлеуден жалтарып жүрген бір азамат, мемлекет алдындағы берешегі бар екі борышкер және сот белгілеген шектеуді бұзып, тұрғын үйінен тыс жерде жүрген бұрын сотталған азамат болды. Барлық анықталған тұлғаға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берді. Мыңдаған адам жиналған мерекелік алаңдарда адасып кеткен 87 бала қысқа уақыт ішінде табылып, олардың барлығы аман-есен ата-аналарына тапсырылды. Адасып кеткен балалардың жасы 3 пен 17 жас аралығында болды, - делінген хабарламада.
