Қарағанды облысында жүргізілген тексеріс барысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендетілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азық-түлік өнімдеріне негізсіз жоғары сауда үстемесін қосу фактілерін анықтады. Мәселен, Қарағанды қаласында бір дүкен иесі күріштің келісін 205 теңгеден сатып алып, халыққа 556 теңгеден сатқан. Яғни тауарға 160%-дық сауда үстемесі қосылған.

Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның нәтижесінде күріштің бағасы 235 теңгеге дейін төмендетілді, – дейді департамент мамандары.

Облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтерудің басқа да фактілері анықталды. Атап айтқанда, қатты ірімшіктің сатып алу бағасы 3 353 теңге болса, сауда желілеріне ол 5 517 теңгеден жеткізілген. Тексеріс нәтижесінде өнімнің бағасы 3 855 теңгеге дейін төмендетілді.

Сол сияқты 472 теңгеге сатып алынған қара шай дүкенде 1 079 теңгеден сатылған. Департамент мамандары оның бағасын 496 теңгеге дейін түсірді.

Тауық фаршының бағасы да негізсіз көтерілген. Кәсіпкер өнімнің келісін 1 655 теңгеден сатып алып, 2 400 теңгеден сатқан. Бақылау шараларынан кейін тауардың бағасы 1 903 теңгеге дейін төмендетілді.

Айта кетері, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс.