Қарағанды қаласында жоғалған 18 жастағы қыз қысқа уақыт ішінде аман-есен табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бойжеткен кездесуге шығып, белгіленген уақытта үйіне оралмаған. Жағдайды қиындатқан тағы бір жайт – оның ұялы телефоны үйде қалып қойған.
Қызымен байланыса алмаған анасы алдымен өз бетінше іздегенімен, нәтиже шықпаған соң полициядан көмек сұраған.
"Хабарлама түскен бойда оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері қызметтік іздестіру итімен бірге іздеу жұмыстарына кірісті. Кинолог итке із кесу тапсырмасын беріп, ол бойжеткен жүрген бағытты дәл анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Көп ұзамай бойжеткеннің жүрген жері анықталды. Ол аман-есен табылып, анасына тапсырылды.
