Қарағандының Речная көшесінде екі қабатты дүкеннің шатырындағы ағаш құрылымдар өртенді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт орнында Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жұмыс істеді. Өртті сөндіруге 50-ге жуық жеке құрам мен 13 бірлік өрт техникасы тартылды.

«Өрт нәтижесінде 200 шаршы метр аумақта ағаш қабаттар аралық жабын, жиһаз, тауар-материалдық құндылықтар, жылу оқшаулағыш материал және ғимараттың сыртқы пластик қаптамасы өртенді. Сонымен қатар, жоғары температураның әсерінен ғимаратқа жалғасқан пункттегі пластик қаптама мен жиһаз зақымданды», — делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері ғимараттан көлемі 50 литр болатын екі газ баллонын шығарып, ықтимал салдарлардың алдын алды.

Бұған дейін «Курсив» Астанада салынып жатқан бес қабатты үйдің шатыры өртенгенін жазған болатын.