Қарағандыда бөтеннің пәтерін басқа адамдарға жалға беріп келген ер адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 29 жастағы жігіт ондаған адамды алдап соққан. Күдікті танымал онлайн платформалар арқылы пәтерлерді тәуліктік мерзімге жалдап алып, кейін сол баспаналарды төмен бағамен ұзақ мерзімге жалға беретіні туралы хабарландыру жариялаған.

«Тиімді ұсынысқа қызыққан азаматтармен кездесіп, өзін пәтер иесі ретінде таныстырып, алдын ала төлем алып отырған», - дейді полиция.

Қылмыс құрбандарының басым бөлігі – өзге өңірлерден келген азаматтар. Олардың баспана құжаттарын тексеруге мүмкіндігі болмаған, қомақты қаржыны қолма-қол тапсырған. Осындай ақшалай есеп айырысулардың бірі көпқабатты үйдің кіреберісіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Жәбірленушілердің бірі – облыстың 23 жастағы тұрғыны. Ол интернеттен тартымды хабарландыру тауып, күдіктімен кездескен. Қажетті соманы толық төлегенімен, келесі күні пәтерге қоныстануға келгенде оның заңды иесімен бетпе-бет кездескен. Әйел өз тұрғын үйінің үшінші тұлғаларға қайта жалға беріліп жатқанынан мүлде хабарсыз болған», - дейді облыстық полиция департаменті.

Күдікті ақтөбелік азаматты да дәл осылай алдап кеткен. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.