Қарағанды облысында көпбейінді аурухана маңында өрт шығып, 20 науқас эвакуацияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандының Қазыбек би ауданындағы Мұқанов көшесінде орналасқан көпбейінді аурухана аумағында жиналған макулатура өртенді. Өрт жалыны негізгі бес қабатты ғимаратқа жалғасып салынған бір қабатты кіреберістің ағаш шатыр конструкциясына тарады.
Құтқарушылар аурухана әкімшілігімен бірлесіп, қауіпсіздік мақсатында 20 науқасты ғимараттың көршілес блогына көшірді. Өрт 25 шаршы метр аумақта толық сөндірілді, деп хабарлайды өрт сөндірушілер.
Құтқарушылардың жедел әрекеті нәтижесінде оттың негізгі және оған жалғасып салынған ғимараттарға одан әрі таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
